500 теңге берсем бе, әлде?...
Шіркін, адам баласы! Егер ойлайтын ми бермесе, не күн көрер еді. «Ой» деген шіркін кейде түбіңе жетсе, кейде адам етеді. Кейбір ойлар сені «аспанға» шығарса, кейбір ойлар «апанға» түсіреді. Бірақ, қандай ой болса да оның түбіне жетпей болмайды, шешімін таппай, тыныш өмір жоқ.
Бәрі де сол күннен басталды. Ашылғанына оншақты жыл болған бір жеке компанияның қызметкерлері неше жылдан бері өз қызметкерлерінің туған күнін атап өтпек түгілі, олардың компанияда неше жыл қызмет атқарғандарымен де шаруасы жоқ болатын. Дегенмен, жақында біздің дирекцияға жаңадан бір жас жігіт келді. Ол біздің бастығымыздың ең жақыны Гүлмираның жанынан орын алды. Гүлмираға қарағанда әлгі жас жігіт, айтпақшы оның есімі Ерболсын, жастау. Сонда да болса Гүлмира ол келгелі құлпырып кетті. Оның өзгергенін тек біздің дирекциямыздың ғана келіншектері емес, басқа дирекциялардың да қыз-келіншектері мен жігіттері байқап қалыпты. Бірде асханада түскі тамақ ішіп отырғанда:
- Гүлмира, құлпырып кетіпсің. Бұған кінәлі кім болды екен, а? Ыыы... Кәзіргі жастар біздірге қарағанда істерімен озық жүреді. Бірақ, байқа. Олардың істері алда жүргенімен, ғибраттан жұрдай болуы мүмкін,- деп компанияның бір ақсақалы оған ескерту жасағандай болды. Бірақ, ескерер деймісің. Сөздің арғы орамын түсінер жастар бар ма, кәзір? Жарайды, мұны ары қарай қозғамай-ақ қояйын, бұл оның шаруасы.
Бір күні, біздің дирекцияның бастығы қызметкерлерін шақырып:
- Достар, Құдайға шүкір компаниямыздың қызмет атқарып жатқанына міне он жылдай уақыт болды. Бірнеше дирекциясы бар. Басқа дирекциялар өз қызметкерлерінің туған күнін қалай атап өтетіндігі туралы менің шаруам жоқ, бірақ біздің дирекция бұдан былай, әрбір қызметкерінің туған күнін атап өтетін болады. Және бәріне бірдей тең ставка 500 теңгеден жинаймыз. Қалай қарайсыңдар? - деді.
Кім бастыққа қарсы тұрсын, бәрі де келісті. Әрі, туған күн үшін 500 теңге деген не? Бұл да болса «жақсы ишарат» деп, орын орынымызға тарадық. Сол күні электрондық пошта арқылы Гүлмирадан хабар келді. «Ертең Ерболсынның туған күні. 500 теңгеден өткізулеріңізді сұраймын. Құрметпен, әкімшілік менеджері Гүлмира» -депті.
Не керек, сол күннен бастап, туған күндерге 500 теңгеден жинай бастадық. Бәрі де жап-жақсы-ау бірақ, «айтылған сөз атылған оқпен тең» болса да, дәл айтылғанындай орындалмады ғой. Мына менің ой түбінде отырғаным сонан. Менің орынымда кім болса да, ойланған болар еді. Бұрынғы заман болса: «мен не тоқалдан туыппын ба?» - деп шамданар еді. Құдайға шүкір, совет үкіметі ата бабаларымыздың ол әдетін ұмыттырды. Бәрімізде бәйбішенің баласымыз. Сонда, олар мені кемітіп отыр ма? Жоқ әлде, мен оларға 500 теңгеден бермеппін бе? Шынын айтсам, тым қатты қиналмаған да болар едім. Түбім қазақ қой. Қай қазақ кең, кешірімді болмаған? Бірақ, менің туған күнімнен кейін бір күн өтпей жатып, жұмысқа менен әлде қайда кейін келген, қызметі менің қызметіме қарағанда әлдеқайда төмен, немесе оны ренжітпес үшін: «оның қызметтегі жауапкершілігі менің қызметімнің жауапкершілігімен салыстырғанда әлдеқайда жеңіл» - деуім керек шығар, Валентин деген әріптесіміздің туған күні болды. Таңертеңмен Гүлмираның: «Құрметті әріптестер! Бүгін Валентиннің туған күні. 500 теңгеден әкеліп тастауды ұмытпаңыздар. Құрметпен, әкімшілік менеджері Гүлмира» -деген электрондық пошта алдым. Мұны қалай кешірерсің? Біреуді бие, біреуді түйе көріп отырған жоқ па? Мен тіпті өз денеме сыймай барамын. Жарылып кетер ме екенмін? «Не істесем екен?» деп әбден миым қатты. Маған жинағандарындай 200 теңгеден берсем бе, әлде...?
Шынын айтсам, Валентиннің кінәсі жоқ деп ойлаймын. Сондықтан 500 теңгені берсем де болады. Бірақ, маған ақша жинарда: «Неге 200-ден жинаймыз? 500-ден жинаймыз деп шештік пе, яғни солай жасау керек»,- деп 500 теңгені бере алмаған адамға мен неге 500 теңге беруім керек? Айтыңдаршы, менікі дұрыс па, әлде бұрыс па? Меніңше, әділ ойлап отырған сияқтымын. Өз құқығымды өзім қорғамасам, менің құқығымды ешкімде қорғамайды. Құқық демекші осындай жәйттерді қарастырған сот барма екен? Қалай білсем екен – а? Сот жағында кім бар еді осы? О, ойыма түсті, баяғыда мектепте бірге оқыған Асқар деген жақсы жігіт бар. Өткенде кездесіп қалып, телефон номерлерімен алмасықан болатынбыз. Дереу Асқардың номерін теріп, телефон шалдым. Бар екен:
- Алло, алло! Тыңдап тұрмын.
- Ассалаума әлейкум, Асеке? Бұл мен ғой, Сейдулла. Бала шаға аман ба?
- Құдайға шүкір. Сейдулла?..
Арғы жақтан күмәнді дауыс естілді.
- Иә, Сейдулла, есіңде жоқ шығар. Сыныптас. Жақында екеуміз кездесіп қалып, телефон алмасқан едік...
- А! Сейдулла? Шаруа бар ма?
Қапелімде не туралы айтқым келгенін жинастыра алмай сасқанымнан:
- Жо-ға, жай амандық білген, - дедім.
- Рахмет, Сейдулла. Мен кәзір сөйлесе алмаймын. Процессте отырмын. Ренжіме, кейін хабарласармын. Сау бол! – деді. Менің қоштасқанымды күтпеген Асқар телефонды қоя салды. Қолымдағы трубкадан бипілдеген дыбыс шыққан соң, телефонды орынына қоймастан басқа амал қалмады. Соттардың бәрінің осындай екеніне көзім жетсе де, сыныптас болған соң... Ай, жарайды сыныптас дос түгілі, ағасын да ұмытқан болар... Шынын айтсам, оған ешқандай реніш жоқ. Бәрі өзімнен. Басы жоқ, аяғы жоқ, жұмыс уақытында шаруамды айта алмай, телефон шалған өзім кінәлі.
Ойыма интернет түсті. Бәлкім, бұл интернетте жоқ шығар... Дегенмен, кешке үйге барған соң, балама міндетті түрде интернеттен іздеттіремін. Жоқ, мен біреуді соттағалы отырған жоқпын. Жай, біліп жүргенім дұрыс қой. Құдайға шүкір жұмысым бар. Одан айырылып қалар шама жоқ. Осы жағын ойласам, сол құрғыр 500 теңгені бере салғым келеді. Бірақ, маған 200-ден жинағандары ойыма түсіп кетсе, денем жиырылып, барлық сұр заттарым тікірейіп тұра қалады. 500 теңгені беру үшін, әріптестерімнің бұл ісін ақтауым керек. Яғни, бұл ойдың дұрыс шешімін табуым керек. Сонда ғана, өз алдымда арым таза болады, қиналмай-ақ құрғыр сол ақшаны бере саламын.
Қалай ойласам да әріптестерімнің бұл қылықтарын ақтайтын бір ой таба алмай отырғаным, мені әбден шаршатты. Неде болса сыртқа шығып, темекі созып келгенім дұрыс болар. Мүмкін, жақсы ой келер...
Далаға барып, темекі шеккеніммен, әлгі ой мені тұңғиыққа тартып бара жатты. Әрі ақшаны беретін уақыт та келіп қалды. Сонан... сол құрғыр ақшаны беру үшін, орыныма келдім де ойларымды қағазға түсірдім. Бойым жеңілденіп, орынымнан тұрып 500 теңгені өлеңдете отырып, Гүлмираға апарып бердім. Әйтеуір, мен қарыз болмайын. Бірақ... оларды маған қарыз деп есептеймін. Дегенмен, кей ойларым оларды қарыз дейтіндей болса, кешіре де саламын. Қазақпыз ғой...