Дегенмен, Шымкентім дұрыс екен...
Алматыға көптен бері келмеген Төребек судай жаңа машинасын ағасына көрсетіп, мақтанғысы келді, әрі «көрімдік алып қайтайын» - деп ойлады. Алматыға келгенде қаланың осыдан үш-төрт жыл бұрынғыдай емес, қатты өзгергенін көріп қуанды. Алдын сенбіге сала келген Төребек ағасы екеуі Медеуге барып, шашлық жеп дем алу үшін Алматының көшелерімен басып келеді. Ауызы тынар емес. Алматының керемет жол айырғыштары туралы, ығы - жығы машина болса да барар жеріңе, оңай жетуге болатындығы туралы, соның бәріне мүмкіндік жасап жатқан қаланың жол полициясының жақсы жұмыстары туралы толастамай айтып келеді. Суыққа, жаңбырға қарамастан қала халқының жұмысқа жетулеріне көмек көрсетіп жатқан полицейлерге риза екенін де айтып өтті. Жүргізушілердің де «жолда жүру ережелерін сақтайтындықтары» ұнапты.
- Бізде, яғни Шымкентте екінші дәрежелі жолда қалған болсаң, шашың ағарғанша күтесің. Сол күні жұмысың жайына қалды деп есептей бер. Оған қарағанда Алматың «жұмақ» қой! Сызылып: «өтіп кет» - деп жол беріп тұрғандары.
- Жол полициясы кімді де болса сызылтар,- деді ағасы.
- Жол полициясы сендерде ғана бар деймісің? Құдайға шүкір, олар бізде де жұмыс атқарады. Өзің білесің біздің жігіттерді, жігіт –ақ қой шіркін! Бағдаршамның қызылына қарамай басып өтеді. Ал, жасыл жанған кезде ше? Өзінен бөлек «ер жүректілер» бар болар деп, жан-жағына қарай тартқыншақтай жүреді. Бір күні мен де бағдаршамның қызылына қарамай басайын. Ала таяғын сопаң еткізіп, полицияның алдымнан шыға келгені.
- Сонан?
- Несін сұрайсың, мың теңге беріп, әзер құтылдым.
- Жеңіл құтылыпсың.
- Ненің жеңілі? Қазақ кездесіп қалды. Егер өзбек ағайын болғанда 200 теңгемен де құтылған болар едім.
- Абайлап жүр. Жолда милициялар толып кетіпті. Бұл Шымкент емес. Мұнда орыс ағайындыларға кездессең, сендердегі өзбек ағайындыларға кездестім деуіңе болады. Ал,...
Сөзін аяқтатпай інісі машинасының тормозын басып, жолдың жиегіне қарай беттеді.
- Не болды?
- Білмеймін. Бағдаршамның жасылында өткен сияқты едім...,- деді інісі. Ағасы дереу екеуінің кеудесіне қарады. Белбеуді тағып алған екен. Көңілі орынына түсті. Көшелер қиылысынан соңғы машиналардың бірі болып өтті, бірақ бағдаршамға көңіл аудармапты. Інісі беліндегісін шешіп, шықпақшы болғанда:
- Жүргізуші рулді тастап кетпеуі керек, өздері келер,- деді.
- О не дегенің? Оларды күтсең жарты сағаттан аса уақыт кетеді. Одан да мен барып, мән-жайды түсіндіріп келейін,- деді Төребек. Ағасы «отыр» - деген соң, амал жоқ отырып қалды. Қанша күткенімен олар келе қоймады.
- Кете берсек, қайтеді? - деп машинасын от алдырды - ақыры ертең ауылға қайтамын. Мені іздей қоймас,- деген Төребекке қолын маңдайына апарып, аты – жөнінін айтқан бір қазақ жігіті жақындады.
- Бұл Шымкент емес Алматы, бауырым. Жолдар қиылысынан бағдаршамның жасыл түсінде ғана өту керек. Сіз жолда «қауіпті жағдай тудырдыңыз». Куәлігіңізді беріңіз,- деді. Мынандай айыптан соң екеуі бірдей сыртқа шығып, қызыл түсте емес, жасыл түсте жүргендерін айта бастады. Жол полициясының қызметкерлерінің бірі:
- Әрі көлікті ремень тақпай жүргіздің,- деді. Қалған екеуі бастарын изеп: «бұған не дейсіңдер?» дегендей көздерінің астымен қарады.
Оңайлықпен құтылмасын сезген Төребектің ағасы олармен келісе бастады. Бірақ, онысынан ештеңе шықпады. Елу доллар сұрап тұрғандарын естіген Төребек:
- Сұмдық -ай! Бұл көзіңді бақырайтып қойып, тонағанмен тең екен. Мен өзім сөйлесіп көрейін,- деді. Сәлден соң, қасына келген Төребектің ызадан қайнап тұрғанын байқаған ағасы:
- Келістің бе?,- деді.
- 100 доллар болмаса, хаттама жазамыз, 100-ден де аса айыппұл төлейсің,- дейді.
- Ол рас. Бағдаршамның қызылында өткен болсаң, әрі ремень тақпаған болсаң, тағысын тағы... 100-ден де асып кетуі мүмкін. Одан қалды бір айдың көлемінде куәлігіңді қайтара қойуың да машақат. Ерте барсаң «келген жоқ» дейді, кеш барсаң «тым кеш келдің, өткізіп жібердік, енді сот арқылы аласың»,- дейді. Жалпы, машақаты көп,- деді. Інісі амал жоқ, ұнжырғасы түсіп, американың ақшасымен есептегенде 100 долларды құрайтын теңге беріп, куәлігін алып келді. Машинаға отырып, жүріп бара жатқан Төребекке полиция қызметкерлері бірдеңе дегендей болды.
Басын терезеден шығарған Төребек олардың:
- Жолда абай болыңыз! – деген ескертпесін естіді.
- Дегенмен, Шымкентім дұрыс екен,- деді жолына қараған Төребек.