БАУЫРЛАР - 1 (Аққенже Acaнбaй) қазақстандық автор. www.elrayi.kz Онлайн жариялау. Транслитерация: латиница, kone jazu, арабская вязь.
Latin
 
|
www.elrayi.kz

Аққенже Acaнбaй     Жазба

Алматы

 

 Басты бет - www.elrayi.kz  Басты бетке

БАУЫРЛАР - 1 [59]/[0]

Ұсынамын



 Автор парағы
* * * * * * *
Хабарландыру [1]
Өлеңдер [4]
Жазба [15]
Өлең аудармасы [1]
Жазба аудармасы [5]
* * * * * * *
Автордың оқырмандары
Парақ иесіне хат жазу
Автор туралы
Автордың фотогалереясы

 

Бауырлар
Ағалы-інілі, апалы-сіңілі. Бір сөзбен – бауырластар. Бір жағынан «бала - бауыр етің». Мүмкін, бір - әке шешеден туғандарды бауырлар дейтініміз осыдан болар.
            БАУЫР – адам ағзасында өте маңызды қызмет атқаратын мүше, яғни өмір сүру үшін бауырдың орыны ерекше. Әлде, сондықтан шығар бір туғандарды бауырлар дейтініміз. Бауырың жоқ болса қалай күн көрер едің. Бұл адамның дене мүшесіне де, әлеуметтік жағдайына да дәл айтылған.
            Бала кезде бірге жүргенде, ешуақытта бір-біріңнен алыс  кетпейтіндей, өмір бойы бір дастарқан басында бір тілім нанды бөліп жеп жүретіндей болып көрінеді. Балалық шақта қалыптасқан заңдылықтарды есейген соң әлде бір күштер бұза бастайды.  
            Мені ең алғаш таң қалдырған жәйт – әлі есімде,  шамамен 15-16 жаста болармын, туған ағам келіп өзінен үлкен ағамнан:
-         Ақшаға қиналып қалдық, қарыз  бере тұршы, келесі айлықтан беремін,- дегенді естігенде, ағамның жауабын күттірмей:
-         Неге қарызға, былайша сұрамайсың ба? Сен қиналып тұрғанда ол саған  қарызға беруі керек пе?.
Дәл не деп жауап бергені есімде жоқ, бірақ ақшаны қарызға бергені есімде.
 «Бірге тумақ бар екен де бірге жүрмек жоқ екен». Мұны түсінуге болады? Ал алғашқы 20 жыл бойы бір тілім нан мен бір кесе суды бөліп ішкен бауырлар өсе келе бәсекестес болатыны неліктен? Мен бүкіл халық туралы емес, көпшілік адамдар туралы айтып отырмын. «Өзін-өзі білген ер бақытты, өзін-өзі басқарған ел бақытты». Қалай тауып айтылған. Адам өзіне не керегін біледі, көршісінің қандай екенін біледі, басқа кез- келген адамға баға бере алады. Ал, өзіне әділ баға беруі өте қиын. Әртүрлі ойлар. Сұрағым  көп. Жауап жоқ. Бәрі де осы бауырлар айналасы. Сұрақтың көбісі библиядағы Авель мен Каин, Хадистегі Қабыл мен Әбіл жәйттері.
Талай дәуір өтіп, адам  рухани ғана емес, денелік өзгерістерге еніп, қаншама заңдылықтарды біліп жатқан күнде де Авель мен Каин немесе Қабыл мен Әбіл басындағы жәйттерден құтыла алмас па екен?...  Әлде,... ол адамдарға жазылып қойылған кінәрат па?...
Төменде әңгіме болғалы отырған жағдайлар бір бірін білмейтін жолаушылап бара жатқан адамдардың әңгімелерінен  алынған. Осы әңгімелерді естігенде ойландырып жүрген сұрақтадың әсері одан сайын ұлғайып кеткендей.
                                      *** 
Шағын ауыл. Шікірейтіп костюм шалбар, ақ көйлек киген екі ұлын жетектеген Зағипа мектепке қарай келе жатыр. Балалары қандай тап-тұйнақтай болса, келіншек те жинақы, әрі ажарлы. Алдарынан шыққан әйел:
-         Сәлемет пе, Зағипа. Қалың қалай? Екеуінің де мектепке баратын уақыты болып қалғаны ма?
-         Аман – есенбісіз. Құдайға шүкір жақсымыз. Үлкені бүгін біріншіге барады. Оған дүкеннен киім көріп жатқанымызды кішісі көріп қойып, қиғылықты салды: «Мен де мектепке барамын. Мен сабақты жақсы оқитын боламын. Костюм алып бер»,- деп. Содан оған да алдық. Бүгін Қанатты жуындырып, киіндірп жатсам, мына Қайратта жуынып, шайынып дайындалып, киініп, бізбен бірге шықты. Оқимын дейді.  Балаларыңыздан хабар бар ма?
-         Құдайға шүкір. Хабарласып тұрады. Жаман емес.
-         Қайрат, сен кішкентайсың ғой әлі. Биыл Қанат оқысын сен мектепке ендігі жылы бар.
-         Мен оқи аламын. Мен Қанаттан бір жас кішімін, бірақ менің де оқығым келеді, онымен бірге оқығым келеді. Мектепке бірге барып, сабақты бірге жасаймыз. Сонан соң мал жайлаймыз да, бірге ойнаймыз.
-         Ол менен кішкентай. Ол мектепке келесі жылы барады. Мамам: «ол оқымайды, бірақ бүгін сенімен бірге барып қайтсын»,- деген. Сабақ болмайды, тез қайтамыз,- деді. Вот так, Қайрат. Сен кішкентайсың, кішкентайсың, - деп үлкені кішісін ызаландыра бастады. Шешесі үлкенінің қолынан сілкіп қалып, оған қарап еді, жым болды.
-         Кешігіп қалармыз, шешей. Біз жүрелік.
-         Иә, иә. Балаларды бірінші күннен кешіктірмей сабаққа баруға баулығаның дұрыс. Жақсы, жақсы. Шерібайға сәлем айт. Құтты болсын баласының аяғы.
-         Рақмет, шешей. Айтып барамын. Құдай тамақ бергенбіз. Сіз қалаға кетіпсіз.
-         Иә, иә. Қабыл болсын. Естідім. Қаладағы қызыма барып қайттым. Күні бүгін – ертең деген соң, білетін шығарсың оның аяғы ауыр ғой. Соны өз көзіммен көрейін деп, бардым. Қызым айтқандай: «Бағалы кеңес беруге»,- бардым. Олар әлі жас қой. Жарайды, Зағипа, ұстамайын. Сау болыңдар. Жолдарыңнан қалмаңдар. Ал екеуің бұзық болмаңдар. Қандай әдемісіңдер. Біріңе-бірің ұқсап тұрсыңдар. Сен енді Қанат, үлкен болдың, кіші ініңді ызаландыра бермей мектептен алғаныңды оған үйрете жүр, қайта,- деп ұзап бара жатты.
Кешігіп қалатын болғандықтан келіншек, балаларды қолынан жетектеп, дедектетіп ала жөнелді.
                     
Міне, содан бері талай жыл өтті. Үлкен екі баласының мектепке қалай барғандығын, қалай оқығандарын есіне алған Зағипа жылап жіберді. «Топырақтарың торқа болсын құлындарым. Кім кінәлі?!  80-ге келіп менің дәм-тұзым таусылар емес. Ал сендер жер бетіне біріңді-бірің сиғызбай, қыршын кеттіңдер...»   Жыларға көздің жасы да таусылған болар. Дауысы күркіреп барып, бірден тиылды.
- Алла, кешіре гөр, пендеңді. Басқа балаларым аман болсын. Құдайдың жасымышы да, қайтейін, - деп бір бүйіріне қисайды.
     
Қанат пен Қайрат тай құлындай бірге жүріп, мектепті қатар бітірді. Екеуі де шымыр, тепсе темір үзердей,  мықты болып өсті. Сәл бірнәрсеге келіспей қалса болды, екеуі алыса кетіп, бірін бірі жеңуге тырысып әбден мазалары кететін. Мұндай жағдайлар тетелестер арасында жиі болатынын Зағипа білетін болғандықтан, анау айтқандай қобалжи қоймайтын. Тек:
-         Жүгермектер! Қата қалғырлар!!! Сендерді тек күресуге қоя бер. Қаншама жұмыс күтіп тұр. Малға барыңдар! -деп қолындағы шымшеуірінін ала жүгіргенде, екеуі екі жаққа қарай қашып, үй, мал шаруашылығына байланысты жұмыстарын атқарып кете баратын.
Қайрат Қанаттан бір жыл кейін оқығанымен өсе келе, Қанатқа бағынғысы келмейтінді шығарды. Қанат жоғарғы сыныпқа көшкенде мектептегі   ер балаларды өз айтқанын істейтіндей етіп,  төпелеп алған болатын. Ондай баланы сотқар емес «атаман» деп атайды екен. Кейде мектепте ер балалар класс классқа бөлініп, не жетпейтіндігін құдай білсін, төбелеседі.  Шамасы, осындай төбелестерде «атаман әлі өз күшінде ме әлде, одан зоры шықты ма?»,- деген тексерулер жүретін болар. Кім білсін? Осындай төбелестерде  Қанат пен Қайрат жиі кездесіп қалатын.  Қайраттың да күші Қанаттан кем емес. Сыныбын Қанатқа бағындырғысы келмейді. Осындай сәттердің бірінде екеуі жақсылып бір ұстасқаны бар. Алғаш рет Қанат сонда ғана Қайраттың қайтпайтынын түсініп, бірінші болып тоқтағанымен, бір – бірін жақсылап төпелеп алған. Үйге келген соң Қанат Қайраттың сыныбына тиіспеуге, бірақ басқа ешбір сыныпты өзіне «қаратайын» деп үміттенбейтіндей болып келісті.  
Қанат мектепті бітіргеннен кейін шиеленіс күшейіп кетті. Бұрынғы мектеп атамандары оқуға түсіп, ауылдағы оқушылар мен оқуға түспеген балаларды жайына қоя беретін. Ал, Қанат оқуға түсе алмай, армияға кеткенше мектепті де  ауылдың басқа жастарын да өз уысынан шығармауға тырысты. Ал, мектеп оқушылары Қайраттан қорқады. Соның айтқаны болады. Бір күні киноға барып, қайтып келе жатқанында алдарынан бір топ бала шығып, қолдарындағы темекілерінің бірін қалдырмай беруді талап етті. Қайрат алға шығып еді, олар кішкене шегінгендей болды, бірақ арғы жағынан Қанат шығып:
-         Қайрат, қалтаңдағыңды да қолыңдағыңды да қалдырмай бер. Темекіні мен тұрған жерде шеккенің жараспас,- деп жайлап қана ақыл айтқан болғандықтан, темекісін беріп жанындағыларға да бергізді. Дегенмен  Қайраттың қасындағылардың көңілі толмай қалды.
-         Өне бойы жинап, терген ақшамызға алған темекіні соларға беріп, жем бола береміз бе?! Беттерін бір рет қайтармасақ болмас. Неге төбелеспедік? Біз қорықпаймыз. Тек сен баста. Қанатты қайтарсаң, қалғандары үшін біз жауап береміз - деп тепсінді.
-         Достар, ол менің бауырым, ағам. Сағым, Мақсат, Кәрім, Жақсылық сендердің ағаларың бар, ал Құрманғазы, Ержан сендердің інілерің бар. Дәл осы жағдайда олармен төбелесер ме едіңдер?
Бірі: «Әрине жоқ. Сен дұрыс істепсің»- десе. Бірі: «Сонда да болса бізге еркіндік беруі керек. Мен төбелесер едім»-деп жатты.
Қайрат әйтеуір бір  күні Қанатпен кездесуге тура келетіндігін іші сезіп жүрді. Осылай мектепті бітірді. Қайраттың мектепті бітірген жылы күзінде Қанат армияға кетті. Танкист болып, күрестің әр түрлі әдістерін игеріп, спорттық жарыстарға қатысып жүргендігі туралы хат жазып жүрді.  Сонда Қайрат:
- Ағам танкист болса, мен моряк боламын,- дейтін.
      Қайрат оқуға түсе алмаған соң, ағасының жолын қуып, ауылдағы мектеп оқушылары мен бүкіл жастарын «жұмса жұдырығында, ашса уысында» етті. Осылай, ешкім оған тура шыға алмады. Ауылда бір жарым жыл жүрген соң, Қайратта армияға кетті. Ол айтқанындай-ақ моряк болды.
      Ағайынды екі бала армияларын аброймен атқарып, одан сайын шымыр да, өткір болып оралды. Қанат сырттай оқуға түсіп, сонда жүріп үйленді. Сол оқуын бітірген соң облыс орталығына жұмысқа тұрды. Қаланың шетінен бір үйді жалға алып, жанұясымен сонда тұрып жатты. Інісіне «оқуың керек, оқу керек»,- деп жүріп, қасына алып, техникумды бітірткізіп алды. Ауыл балаларына ғана тән қасиет: «көңіл сиса, бәрі сияды» деп, кішкене екі бөлмелі үйге өзі, келіншегі, екі баласы, інісі және, осында жұмысқа тұрған, бірақ тұрар жері жоқ әрі кластасы әрі туысы Ерболды да сиғызды. Қайрат екі жарым  жылдан соң бітіріп, елге оралып, жұмысқа тұрды. Қанаттың кластасы сол тұрғаннан ол үйде екі жыл тұрды. Тек үйленгеннен кейін, Қанаттың үйінің қасынан жалға пәтер тауып, кетті. Осылай уақыт шіркін зымырап, Қанаттың да Қайраттың да бетіне ешкім тура қарамай, қызыққа толы жастық дәурен өтіп жатты.
                  «Бәле аяқ астында». Жеңгесі   «тез жетсін депті» дегенді естіген соң, Қайрат жұмысынан бір күнге сұранып, ағасының үйіне келді. Өз көзіне өзі сенер емес. Қанша адам тұрса да, кішкене үй әрдайым жинақы, тап таза болатын. Үй іші астан – кестең. Терезе перделері жұлынған, төсек қалай болса, солай шашылған. Үйдің көркі әбден кеткен. Бұл жағдай тек бүгін ғана болмағандығы көрініп тұр.
«Төрлет» деп тұратын жайдарлы жеңешесінің бет аузында сау жері жоқ.
-         Не болды, Қанат, мұның не?!
-         Мынадан сұра,- жылап жіберді,- Әкеңнің! Өлтіріп қоймағаным...
-         Не болды, Айжан? Бұларың не? Балалар қайда?
Айжанда үн жоқ. Бет ауызын екі қолымен басып алған. Жылап отыр. Арасында: «Кешір, балалар үшін кешірші мені»,- деген дауысы шығады. Арада жарты сағаттай уақыт өткенде Қанатқа жан бітіп, қозғала беріп еді, Айжан жаны шығып кетердей, ұшып тұрып, Қайраттың артына  тығылды.
-         Жинал! Өлмей тұрғаныңда, әкеңнің үйіне апарып тастаймын. Балаларды ойламай-ақ қой. Өзім асыраймын,- деген сөзді естігенде әкесі өлгендей өкіріп:
-         Жоқ!! Жоқ!! Балаларды тастамаймын. Сен өлтіріп қоясың. Мен, мен өзім асыраймын. Оларсыз кетпеймін. Қайда олар, Санат! Қалжан! Үйден атып шықты. Соңынан жетелей қуа Қанат та шығып бара жатыр еді, оны Қайрат тоқтатты.
-         Қанат. Тоқташы. Түсіндірші, не болды? Не боп қалды, сендерге?!
-         Әкеңнің! Мен сорлының үш ұйықтасам да ойыма келмейтін іс. Қайдан білейін, үйіме  қырғиды кіргізгенімді. Дос емес, дұшпан да олай жасамас. Ол тіпті туыс қой! Сволоч!! Мен саған не жаздым, құдай!! Осылай масқара ететіндей… не жаздым!
Бар күшімен қабырғаны жұдырықтай бастады. Қолынан қан аққанша жұдырықтады. Қанатты тоқтатуға Қайраттың күші келер емес. Күші келер ау, естігендерінен жаны түршіккендіктен, күші кетіп барады. Бір сұмдықтың болғанын, шындықтан қашып құтыла алмайтындығын сезуде. Бірақ санасы жібермейді:
-         Қалай? Қалай? Мүмкін емес, мүмкін емес!
-         Мен де өз көзіммен көргенше сенгенім жоқ. Мен бұл жағдайды естігелі қ-а-а-ш-ш-а-н. Сорлы басым. Көзіммен көкірегімді құм басқандай, ештеңені көрмеппін де сезбеппін, әлде сезгім де көргім де келмеген шығар. Құдайдың маған дайындаған сыйының осындай болатынын мен байғұс біліппін бе?! Сорлы басым... Сорлы басым!!!
 Тепсе темір үзетін жас жігіттің күңіренген дауысы кімді де болса тітірткізбей қалдырмады. Көршілер жиналып қалды. Далаға атып шығып,  тұрған жұртқа тап берді. Қайрат болмағанда біреуді өлтіріп те қояр ма еді.
                  Міне, Қанаттың жүрегіне шоқ түскен күн осы болды. Содан бастап Қанат күрт өзгерді. Әйелі балаларын алып жарты жылдай қайда жүргені белгісіз, жоқ болып кетті.  Қанат істеп жүрген жұмысынан да айырылды. Ішімдікті де көбейтті. Бұның бәрі келіншектің балаларға бір жақты еге болуына септігін тигізді.  
                  Үйленгелі жүрген Қайраттың да қыздарға деген сенімі азайып, қорқып қалды. Достасып жүрген қызы біраз уақыт күтті де, тұрмыс құрып кетті. Арада бірнеше жыл өткенде Қанатты шешесі жылап жүріп екінші рет үйлендірді. Ондағы ойы: «балалы болып, төсек қызығын көрсе, ана жәлепті ұмытар, сабасына түсер»,- дегені еді. Керісінше үйленгеннен кейін Қанат тіпті құтырып, екі қабат әйелін ұра бастады. Анасына да бедіреетінді шығарды. Көптен бері аудан бастықтары Қайратқа орманшы болуын, ормандағы үйге тұруды  ұсынып жүр еді. Бір күні Қайрат шешесі мен әкесіне:
-         Әке, кеттік. Мына жерде мен отыра  алатын емеспін. Қанаттың сендерге бедірее қарағанына, өзін - өзі құртып жатқанына мен шыдай алмаймын. Бір күні болмаса бір күні не одан не менен айырыларсыңдар. Оданда  орманда тұрғанымыз артық. Енді неде болса жағдайын өзі шешіп, өзі дұрыстамаса, біздің қолдан ештеңе келмейді. Кеттік,- деді. Көп ұзамай,  Қайрат әке-шешесін алып орманға кетті. Бұл көктем еді. Тек қыс түсе  ағасына барып, жағдай білді. Жақсы жаққа қарай емес  өзгеріс болғанын көріп, қатты қынжылды. Ағасының әйелі мен кішкене балалардың жағдайы  нашар екенін көрді. Жеңгесіне базарға барып бір мал алып және шамалы қаржы тастап кетті.  Осылай тағы бір жыл өтті. Келесі қыста келгенінде ағасы қысқа ғана:
-         Маған бір ат бер. Тіршілікке,-деді.
«Тіршілікке» деген сөзді жақсылыққа жорып, ат әкеліп берді. Қыста бір екі рет Қанат сол атпен бұларға келіп, кішкене әңгімеге араласатын болды. Жаз келді. Бір күні Қанат арқалаған дорбасы бар жаяу келді.
-         Не болды? Атың қайда? Жайшылық па?
-         Сен, не? Мені құрықта ұстайын деп пе едің? Мен туған күнімді тойладым. Енді саған тойлауға келдім. Дорбасын ашып ішінен арақ шығарды. Өзі ішіп алған.
-         Кел отыр. Іні болғаныңа. Ағасының туған күнін ұмытқан.
-         Кешір. Туған күніңмен. Дегенмен атың қайда? Неге жаяу жүрсің?
-         Э! Қойшы-а? Күнді бұзбашы! Отыр. Сен неге үйленбей жүрсің -ә? Сенің өміріңді құртқан мен ғой шамасы. Солай ма?! Менің ақымақтығымды айта алмай  жүрсің ғой, ә?
Не керек осы ішістің арты төбелес болды. Ішіп алған соң Қайратқа күшінің жетпейтінін сезіп Қанат әке шешесіне тап берді. «Қой!» деген сайын Қанат жындана бастады. Арқан әкеліп, Қайрат оны байлап тастады. Таң атып қалған екен. Қайрат қолына мылтығын алып, жұмысына кетті. Түс ауа қайтты. Бір сәтте үй жақтан өрт көрінді. Атын сабалап, шаба жөнелді.
 Түске таман есін жинаған Қанат әке шешесіне қолын шешіп, шәй беруді өтінді. Қолын шешісімен екеуін екі жаққа итеріп жіберіп:
-         Мені байлап тастағанды көрсетейін саған. Басынайын деген екенсің. «Қатынына еге бола алмайды, маған күші жете қоймас»,- деп жүрсің ғой сен. Көрсетейін  «саған күшің жетпесті!».
Далада тұрған конистрді алып, қораға құйып, өртей бастады. Өзі өртеген қора ішінде қалып қойды. Әке шешенің айқайын еститін емес. Өрт арасында қалғанын да сезер емес. Әбден жынданып, Қайратты боқтап жүр.
Қайрат келе сала ағасын  қорадан шығармақшы болды. Сол жерде Қанат Қайратпен алыса жөнелді. Әр нәрсені айтуда. Баяғы сол бір жара. Жазылмаған жара. Енді шықпаса екеуі де өртенентін түрі бар. Қайрат ағасының мұрынынан жақсылап бір қойды. Ол есеңгіреп, құлап түсті. Ағасын арқасына сала  ытқып шықты. Қанатты жерге қоя сала, өртеніп жатқан қораға қарай жүгірді. Ішінде жаңа туған бұзау бар еді. Есеңгіреп жүріп оны да тауып алды. Қауіпсіздеу жерге барып, отыра кетті. Ту сыртынан біреудің қарап тұрғанын сезген Қайрат айнала беріп еді, мылтық гүрс етті...
Сөйтіп, Қанат әйелімен болған оқиғаның, өмірдің әділетсіздігін, жан, жүрек жарасының ақысын інісінен  алып, тынды.
Жылан да болса іштен шыққан ғой. Бір баласынан өлідей айырылған ата –ана екінші баласынан тірідей қалай айырылсын. Болған жағдайды милицияларға басқаша айтып, «жазым болды»,- деп, Қайратты түрмеден алып қалды. Бірақ болған оқиға Қайратты тіпті қатігез қып жіберді. Түнделетіп келіп, малдан қалағанын алып, араққа сататын болды. Онымен қоймай әкесіне қарай қолына пышақ алып жүгіретін болды. Не керек, көп ұзамай  болған жағдай қағазға түсті. Қанат түрмеге отырды. Мерзімінен  бұрын шығып келгеннен соң, көп ұзамай туберкулезден  о дүниеге кетті.
Осы оқиғаның ең жан түршігетін жері Қанаттың Қайратпен  болған оқиғаны батырлық жасағандай ел ішінде айтып жүргендігі.

 Сонда қалай? Адам миының болған жағдайларға тәуелді болғаны ма? Әлде, мидың болған жағдайларды көтере алмай,   жансызданғаны ма?...

© Аққенже Acaнбaй 
08-Шілде-2010 09:17:07   жарияланды
Жариялау күәлігі № 869

  
 

Пікірлер

Пікір қосу
Тақырыбы
немесе аноним аты
Мазмұны

 Суреттегі санды жазыңыз

 
ҚОНАҚ!
Логин:
Құпия сөз:
Есте сақтау
Құпия сөзді ұмыттым!
 Тіркелу Автор болу

  7/09/2009
Rambler's Top100


C 11/06/2010


Каталог Казахстанских ресурсов TABU